Алматы Олимпиадалық даярлау орталығында 17 жасқа дейінгі және 23 жасқа дейінгі спортшылар арасында грек-рим, еркін және әйелдер күресінен Қазақстан Республикасының чемпионаты басталды.
Күрестің әртүрлі түрлерінен ел чемпионаты біріктірілген форматта – бірден екі жас санаты бойынша өткізіледі: 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер (U-17), сондай-ақ 23 жасқа дейінгі ұлдар мен қыздар (U-23).
Жарысқа Қазақстанның барлық облыстары мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан спортшылар жиналды. Барлығы 1200-ге жуық палуан бар, олар әр күрес түрі бойынша 10 салмақ дәрежесінде сынға түседі.
Бұл республикалық старттардың спорттық міндеттері Қазақстан Республикасы құрама командасының құрамында жастар мен жасөспірімдер арасындағы халықаралық турнирлерде, сондай-ақ Азия және әлем чемпионаттарында ел намысын қорғайтын үздік балуандарды анықтау болып табылады.